16-05-2020
Өз отбасыма тоқтала кетсем 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, отағасы екеуіміз оларға жоғары білім алуларына көмектестік. Қәзір соның арқасында немере- шөберелердің ортасында бақытты өмір сүріп жатырмын. Қара шаңырағымыздың арқа сүйеріміз әкелері 8 жыл бұрын дүние салған. «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» - деген нақыл сөз бар. Алдыңғы буынның тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру ата – ананың ең маңызды міндеті емес пе, сол айтқандай балапандарым көргендігін істеп әкелерін жоқтатпай еңбекқор, мейірімді болып өсті.
Солардың арқасында «Ішкенім - алдымда, ішпегенім – артымда», - дегендей жүріп жатырмын. «Не ексең - соны орасың», - демей ме міне, мінсіз тәрбиеміздің жемісін қартайған шағымда көріп отырмын. Қартайдым деп айтуым бекер сияқты, әлі күнге дейін Достық үйінің жанындағы «Ақниет» әжелер өнер ұжымының жетекшісі, ШҚО ҚХА Аналар кеңесінің мүшесімін. Жас ұрпақтарымызға қазағымыздың салт – дәстүрін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп отбасын сақтауға көмектессем мен өзімді бақытты әжемін деп ойлар едім.
Өскемен қалалық сотының судьясы Зинашева Лейла Сатыгалиевнаның өтінішімен ажырасуға арыз берген екі 24, 25 жастағы өрімдей жастармен екі әже кездесіп таныстық. Сұрай келе, екеуінің ата – анасы ажырасқан адамдар болып шықты, ол керек болса «ұяда не көрсең, соны ілерсің» деген нақыл сөзді қалай есіңе алмайсың. Мен сол екі жастың ұялы телефондарын номерін алдым, себебі жүзден біреуіне көмегім тиіп, отбасын сақтауға көмектессем мен өзімді бақытты әжемін деп ойлар едім. Ажырасар алдында тұрған жастарға әжелік ақылымды айтып, отбастарын сақтап қалғым келеді. Жастық шақпен қате шешім қабылдамаса екен деп ойлаймын. Ене болып отырған барша ақ жаулықты аналарға да жас отбасын құрған балаларына тек ақылдарын айтып, үлкен отбасы болып қалыптасуына өз үлестерін қосса дегім келеді.
Үлкенді құрметтеу, отбасы мүшелерінің бір – бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған тәрбиелі ұл мен қыз көбейіп соны мақтан ететін қазыналы қарттарымыз аман болсын. Қазақтың әрбір отбасының керегесі кең, шаңырағы биік болсын!
«Отан от басынан басталады» - осы сөзде үлкен мағына бар екенін, екінің бірі білетін шығар. Отбасы – шағын мемлекет. Меніңше өте орынды айтылған сөз. Әрбір ата – ана балаларымен бақытты, баланың бақытты болуына ата - ана жауапты екендерін де ұмытпаған жөн. Отбасының жылуын көріп, сезіп өскен балада мейірімді, қайырымды болып өсері сөзсіз. Отбасының аман – саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегіне әсер етеді. Сондықтан балаларымызды Отанын сүюге халқына қайырымды, жұртына мейірімді жан етіп тәрбиелеуге тырысайық.
Жанұяңызды ыстық ықыласыңыз бен шексіз махаббатыңызға бөлей беріңіздер. Әр қайсымыз үлгілі отбасы болуға лайықпыз. Мереке құтты болсын!
Смагулова Гульшат,
«Ақниет» әжелер өнер ұжымының жетекшісі,
ШҚО ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі